
Өңір тұрғындары мен қонақтарын концерттік бағдарламалар, экологиялық квесттер, интерактивті туристік алаңдар және бүкіл отбасыға арналған түрлі іс-шаралар күтеді.
Мерекелік бағдарлама өңірдің бірнеше қаласы мен туристік нысандарын қамтып, белсенді, экологиялық және мәдени туризмнің мүмкіндіктерін таныстырады.
26 қыркүйек — іс-шаралар Қарқаралы және Теміртау қалаларында өтеді.
27 қыркүйек — Қарағандыда белсенді және экологиялық туризм күні.
Сағат 12:00-ден бастап Орталық саябақта «Белсенді туризм аумағы» алаңы жұмыс істейді. Келушілер туристік жабдықтармен, велосипедтермен, SUP-жабдықтарымен және қайықтармен танысып, арқан жолындағы сынақтан өте алады.
Экологиялық туризмге де ерекше назар аударылады. Қонақтар үшін EcoTrail интерактивті экосоқпағы ұйымдастырылады. Бұл — Telegram-бот пен QR-кодтарды пайдалана отырып, саябақ аумағы бойынша өтетін цифрлық маршрут.
Сағат 13:00-де бағдарлама Қарағанды хайуанаттар бағында жалғасып, онда «Қамқоршылар соқпағы» атты экологиялық квест өтеді.
Сондай-ақ «Creative Craft & Art Fair» көрме-интерактивті аймағы ұйымдастырылады. Оған өңірдің шеберлері, суретшілері мен креаторлары қатысады.
Бағдарлама сағат 15:00-де Әшімов алаңында қорытындыланады. «Мототуризм аумағы» фестивалі аясында туризм саласының өкілдерін марапаттау рәсімі өтеді.