Шетелдік туристер саны 16,7%-ға артты

Шетелдік туристер саны 16,7%-ға артты

Қарағанды облысы шетелдік қонақтар үшін тартымды бағытқа айналып келеді. Өңірде туристерді қабылдауға жағдай жасау, туристік инфрақұрылымды дамыту және келу туризмінің географиясын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстағы қонақ үйлер, демалыс базалары және басқа да орналастыру орындары 191 022 адамға қызмет көрсетті. Оның ішінде 181 389-ы – Қазақстан Республикасының азаматтары, 9 633-і – шетел азаматтары. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,7%-ға көп.

Шетелдік қонақтардың басым бөлігін Ресей Федерациясының азаматтары – 4 099 адам (42,6%) және Қытай Халық Республикасының азаматтары – 2 922 адам (30,3%) құрады.

Сондай-ақ өңірдің орналастыру орындарында:

* Германиядан – 310 адам;
* Польшадан – 107 адам;
* Корея Республикасынан – 94 адам;
* Испаниядан – 69 адам тоқтаған.

Бұдан бөлек, өңірге Нидерланд, Исландия, Үндістан, Қырғызстан, Әзербайжан, Украина, Франция, АҚШ, Италия және басқа да мемлекеттердің азаматтары келген.

Туристік ағынның едәуір бөлігі өңірдің іскерлік және әкімшілік орталығы саналатын Қарағанды қаласына тиесілі.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қаладағы орналастыру орындарында 64 195 адам, оның ішінде 6 458 шетел азаматы орналасты.

Осылайша, Қарағанды қаласына облыстағы орналастыру орындарына келген келушілердің жалпы санының 33,6%-ы тиесілі.

Бұл көрсеткіштер шетел азаматтарының өңірге деген қызығушылығы сақталып отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар қонақ үй және туристік инфрақұрылымды одан әрі дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру және шетелдік туристерге бағытталған жаңа туристік өнімдерді қалыптастыру қажеттігін айқындайды.