
«Balkhash Tour Fest» фестивалі аясында Visit Karaganda павильонының жұмысында келушілерге Қарағанды облысының туристік дестинациялары, орналастыру орындары, танымал маршруттар мен негізгі оқиғалық іс-шаралар туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Туристік ақпараттық орталықтың тізіліміне енгізілген гидтердің авторлық маршруттарының таныстырылымдары, сондай-ақ өңірлік туроператорлардың туристік өнімдері келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Заманауи ілгерілету форматтарына да ерекше назар аударылды. Фестиваль қонақтары үшін VR-аймақ ұйымдастырылып, онда интерактивті форматта өңірдің басты туристік нысандары таныстырылды. Бұл келушілерге Қарағанды облысы бойынша саяхат атмосферасына еніп, демалысқа арналған жаңа бағыттарды ашуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, маршруттар, туристік көрікті нысандар мен өңірдің туристік инфрақұрылымы туралы өзекті ақпарат қамтылған туристік буклеттер, карталар және анықтамалық материалдар белсенді түрде таратылды.
Visit Karaganda павильонының жұмысы туристермен тікелей байланыс орнатуға арналған маңызды алаңға айналып, өңірдің танымалдылығын арттыруға, Қарағанды облысының туристік өнімдерін насихаттауға, жергілікті гидтер мен туроператорлардың қызметтерін ілгерілетуге, сондай-ақ өңірдің тартымды туристік имиджін қалыптастыруға ықпал етті.