
Балқаштың курорттық аймағындағы ең танымал жағажайлардың бірі – Торанғалық кентіндегі орталық пирсті абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Жақын уақытта мұнда жаңа серуендеу аумақтары, фотозо аймақтар, заманауи жарықтандыру жүйелері және суға түсуге қолайлы өткелдер пайда болады. Мұның бәрі жайлы демалыс атмосферасын қалыптастырып, туристерді шетелге емес, бірегей Балқаш көлінің жағалауына жиі келуге ынталандыруда.

Ауқымды абаттандыру жұмыстары бүкіл жағалауды қамтиды. Атап айтқанда, Шұбартүбек және Торанғалық курорттық кенттері, Барковское ауданы мен қалалық жағажай жаңартылуда.

Негізгі назар демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және заманауи туристік инфрақұрылымды дамытуға аударылған.

Жағалау бойына бейнебақылау жүйелері орнатылып, жарықтандыру жаңғыртылуда және қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда. Барлық жағажайларда құтқарушылар кезекшілік атқарады.

Торанғалық пен Шұбартүбекте олар үшін бақылау мұнараларымен жабдықталған арнайы капсулалар салынып, құтқару қайықтарын суға түсіруге арналған өткелдер жасалған.

Сонымен қатар әрбір курорттық кентте тәулік бойы жұмыс істейтін модульдік полиция бекеті мен жедел жәрдем көлігі кезекшілік ететін медициналық пункт бар.

Курорт қонақтары үшін бірнеше жыл бұрын қазақстандық жағажайларда елестету қиын болған қолайлы жағдайлар жасалуда.

— Қауіпсіз демалысты қамтамасыз ету үшін акватория заманауи қалқымалы белгілермен бөлінеді. Оларды Торанғалықтағы жергілікті кәсіпкер шығарады. Енді пластик бөтелкелер мен таспалардың орнына барлығы бірыңғай стильде рәсімделеді. Су шомылуға арналған аймақтар мен катерлер және гидроциклдердің қозғалыс дәліздері нақты белгіленеді. Шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған орындар мәслихат шешімімен бекітілген, - деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Өткен жылы Бертіс шығанағы аумағында, сондай-ақ Торанғалық пен Шұбартүбекте 13 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды. Маусым басталғанға дейін жағажайларға апаратын жолдарда қосымша дәретханалар, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар және қоқыс жинауға арналған контейнерлік алаңдар орналастырылады.

Байланыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Балқаш бағыты бойынша 16 антенналық-діңгекті құрылым мен бір базалық станция орнату жоспарланып отыр.
Туристер мен қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі – жағалау да жаңартылды. Бүгінде бұл балалар және спорт алаңдары, веложолдар мен отбасылық демалыс аймақтары бар заманауи серуендеу кеңістігіне айналды.

Сонымен қатар Бертіс шығанағын санациялау жұмыстары жалғасуда.

— Өткен жылдың күзінен бері Бертіс шығанағын санациялау жұмыстары жүргізілуде. Акватория тазартылып, заңсыз пирстер, қамыс қопалары мен лайланған учаскелер алынып жатыр. Мердігер ұйым қазан айына дейін жағалау сызығынан 200 метрге дейінгі тереңдікте шамамен үш шақырым акваторияны тазартуды жоспарлап отыр. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін жағалауды абаттандыру толық аяқталады, - деп атап өтті Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.


Балқашқа деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Жаңартылған жағажайлар, заманауи инфрақұрылым және қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі оны Қазақстандағы ішкі туризмнің ең әлеуетті бағыттарының біріне айналдыруда. Өткен маусымның өзінде курорттық аймаққа 67 мыңнан астам адам келген. Ал биыл әуе қатынасының іске қосылуына байланысты туристер саны бұдан да көп болады деп күтілуде.