
1 маусым күні Алматы – Балқаш және Астана – Балқаш бағыттары бойынша алғашқы әуе рейстері іске қосылды. Бұл Қарағанды облысының туристік әлеуетін дамыту мен өңірдегі басты курорттық бағыттардың бірі саналатын Балқаштың көлік қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам.
Кең ауқымды жаңғырту жұмыстарынан кейін Балқаш әуежайы заманауи қызмет көрсету стандарттарына толық сай келеді: өткізу қабілеті арттырылып, терминал жаңартылды және инфрақұрылым жақсартылды. Енді бірегей Балқаш көліне сапар шегу бұрынғыдан да жайлы әрі қолайлы бола түсті.
Сондай-ақ жағалау аумақтарында демалушылар үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Шұбар-Түбек, Торанғалық курорттық аймақтарында және Balkhash Tour Fest алаңында жарықтандыру жүйелері, душ кабиналары, санитарлық аймақтар, киім ауыстыратын кабиналар мен абаттандырылған жаяу жүргінші бағыттары сияқты заманауи инфрақұрылым нысандары жұмыс істейді.
Инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту және жаңа туристік нысандарды іске қосу Балқаштың Қазақстанның жетекші туристік бағыттарының бірі ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуда.
Балқашқа қош келдіңіздер — жайлы демалыс пен қайталанбас табиғат тоғысқан мекен!