
Осакаров ауданындағы «Бұйратау» ұлттық паркі аймақ қана емес, одан тыс жерлерден де келетін туристер үшін тартымды нысанға айналып келеді. Қонақтардың ерекше қызығушылығын сирек кездесетін әрі айбынды жануарлар — қатал далалық климатқа сәтті бейімделген бизондар тудырып отыр.
Бар болғаны 6 жыл бұрын «Бұйратау» паркіне 10 бизон әкелінсе, 2023 жылы табын алғашқы төлін берді. Бүгінде бизондар саны 26 басқа жетті. Бұл — жануарлар дүниесін сақтау мен дамытуға бағытталған жұмыстардың экотуризмнің өсуіне қалай ықпал ететінінің айқын дәлелі.
Бизондардың пайда болуымен туристер саны да артты. Бұл Қарағанды облысы үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда: инфрақұрылымды дамыту, ішкі туризмді ілгерілету, өңірдің табиғи көрікті жерлеріне деген қызығушылықты арттыру.
Аумағы шамамен 89 мың гектарды құрайтын «Бұйратау» паркі тек бизондармен ғана шектелмейді. Мұнда еліктер мен қабандар, арқарлар мен маралдар, түлкілер мен борсықтар, күзендер, суырлар және ақ қояндар мекендейді. Бұл — экотуризм, отбасылық демалыс және Орталық Қазақстанның бірегей табиғатымен танысу үшін таптырмас орын.
Қарағанды облысы табиғатқа ұқыпты қарай отырып, туризмді дамытуға болатынын және туристердің өңірге деген қызығушылығын кезең-кезеңімен арттыратын жобаларды табысты жүзеге асыруға болатынын көрсетіп отыр.
Толығырақ «SARYARQA» телеарнасының материалынан көре аласыз