«Visit Karaganda» командасының ұйымдастыруымен «Индустриалды Қарағанды» атты ақпараттық тур өтті. Бұл жоба өнеркәсіптік және тарихи туризм бағытын дамытуға, Қарағанды облысының жаңа қырын ашуға бағытталды. Қарағанды облысы – тек табиғаты әсем өлке ғана емес, өндіріс пен индустрияның жүрегі. Сондықтан турдың мақсаты – аймақтың өндірістік әлеуетін, тарихи және мәдени мұрасын жаңа форматта көрсету. Турға туроператорлар, журналистер, блогерлер мен инфлюэнсерлер қатысты.
Маршрут Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығынан (Теміртау қаласы) басталды. Мұнда қатысушылар аймақтың металлургия саласы және өнеркәсіп дамуы туралы мол мағлұмат алды.
Одан кейін қатысушылар Теміртау трамвайымен жол жүрді. Бұл – Қазақстанда трамвай жүйесі сақталған санаулы қалалардың бірі. Ең қызығы, бұл трамвайлар отандық QazTehna зауытында жасалған!
Келесі аялдама — Қысқы бақ (ботаникалық бақ). Мұнда түрлі экзотикалық өсімдіктер, оның ішінде пальмалар өсіп, ерекше табиғи атмосфера қалыптастырады.
Топ ары қарай шахта-музейге барып, көмір өндіру саласының тарихымен танысты. Қатысушылардың көбі алғаш рет шахтаға түсті — әсер ерекше болды.
Келесі нысан — «WEC TRADE» тұрмыстық химия зауыты. Мұнда күнделікті қолданыстағы отандық өнімдер шығарылады. Бұл – сапалы тауарлар мен мақтануға тұрарлық бренд.
Түскі ас табиғат аясында, орман белдеуінде өтті – бұл да ерекше атмосфера мен шабыт сыйлады. Тур әрі қарай «Tengri Tyres» шиналар зауытында жалғасты – бұл Қазақстандағы жалғыз шиналар өндірісі. Қатысушылар шикізаттан дайын өнімге дейінгі процесті, вулканизация мен протектор қалыптау кезеңдерін көрді.
Соңғы нүкте – «ҚарЛАГ» саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі, мұнда қатысушылар өткенге тағзым етіп, терең ойға батты.
Осылайша, Қарағанды облысында жаңа бағыттағы турмаршрут — «Индустриалды Қарағанды» жобасы іске қосылды. Бұл бағыт аймақтың өнеркәсіптік, тарихи және мәдени мұрасын жаңа деңгейде таныстыруға мүмкіндік береді.