Бейбіт жиналыстар өткізу талабы

Бейбіт жиналыстар өткізу талабы

Әлеуметтік желілерде жекелеген тұлғалар елдің әртүрлі аймақтарында заңсыз митингілер мен шерулерге қатысуға шақырулар таратуда.
2020 жылғы 25 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заңмен (бұдан әрі - Заң) реттеледі.
Бұл заң елде бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізуді жеңілдетті.
Нақты айтқанда, жиналыстар, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі қарастырылған.
Оларды өткізу туралы хабарлама белгіленген күнге дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей жергілікті атқарушы органға жазбаша нысанда беріледі.
Онда бейбіт жиналыстың мақсаты мен нысаны, ұйымдастырушылар мен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың деректері көрсетіледі.
Аталған хабарламаны жергілікті атқарушы орган оны тіркеген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. Осы 3 күн өткеннен кейін жауап болмаған жағдайда, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізуге құқылы.
Демонстрациялар мен шерулер келісу тәртібімен өткізіледі.
Ол үшін ұйымдастырушы оның өткізілетін күніне дейін 10 жұмыс күн бұрын өтініш беруге, ал жергілікті атқарушы орган ол бойынша 7 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті.
Ұйымдастырушы өтініште қатысушылардың жүру бағытын, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауды, медициналық көмекті ұйымдастыруды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу шараларын көрсетеді.
Өтінішті қарау қорытындылары бойынша жергілікті атқарушы орган ұйымдастырушыға демонстрация немесе шеру өткізу келісілгені не оны өткізуден бас тартқаны туралы хабарлайды.
Заң бойынша бейбіт жиналыстар қатаң түрде арнайы жерлерде және қалалық, аудандық мәслихаттармен белгілеген маршрут бойынша ұйымдастырылуы және өткізілуі тиіс.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Заңының 8-бабына сәйкес, Қарқаралы аудандық мәслихатының 2020 жылғы 21 шілдедегі № VI-58/493 шешімімен. Қарқаралы ауданының аумағында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар және пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекаралары бекітілген.
Қарқаралы ауданында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар мен олардың шекті толу нормалары төмендегідей айқындалған: Т. Әубәкіров № 13 көшесіндегі "Ақбарс" дүкенінің алдындағы алаң. Шекті толу нормасы- 300 адам; Т. Әубәкіров № 27 көшесіндегі "Қарқаралы" қонақүйі алдындағы алаң. Шекті толу нормасы -700 адам;
Қарқаралы ауданында шерулер мен демонстрациялардың маршруттары: Т. Әубәкіров көшесіндегі "Сары Арқа" кафесінен "Рахат" сауда үйіне дейін; Т. Әубәкіров көшесіндегі "Сары Арқа" кафесінен "Ақбарс" дүкеніне дейін.
Алайда ұйымдастырушылар бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы жергілікті атқарушы органдарға тиісті хабарламалар мен өтініштер бермеген немесе олар бойынша келісуден бас тартылған жағдайда, Заң талаптарын бұза отырып жүргізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және оған қатысу құқыққа қайшы болып табылады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (25 тәулікке дейін қамауға алу).
Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүретін болса, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды, ол айыппұл не 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау түріндегі жазаны көздейді.
Сонымен қатар, Қарқаралы ауданының прокуратурасы азаматтарды қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады.


Аудан прокуратурасының
прокуроры А. Мусаинова