
Қарағанды қаласындағы «Достық» үйінде Спорт күніне орай спорт саласында елеулі еңбек сіңіріп, шәкірт тәрбиелеп жүрген үздік жаттықтырушылар мен спорт саласының қызметкерлерін марапаттауға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты жиында Қарқаралының қасиетті топырағында дүниеге келіп, қазақ спортының мақтанышына айналған талай дарынды азаматтарды тәрбиелеген ардагер бапкер Мұсабеков Амангелді Әбдішұлы Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитетінің І дәрежелі «Қазақстан Республикасындағы Олимпиада қозғалысының құрметті қайраткері» төсбелгісімен марапатталды.
Амангелді Әбдіұлы – Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, еркін күрестен үш бірдей әлем чемпионы – Серік Алшынбаев, Амангелді Жаппаров және Мұратәлі Маяузовтың бапкері.
Бүкіл саналы ғұмырын спортқа арнап, талай жас балуанды биік белестерге жетелеген даңқты бапкерге зор денсаулық, отбасына амандық, еңбегіне толағай табыс тілейміз!
Жерлесіміздің абыройлы марапаты құтты болсын!