ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ҒАРЫШКЕРІ ТОҚТАР ӘУБӘКІРОВТІҢ МЕРЕЙТОЙЫ ҚАРҚАРАЛЫ ТӨРІНДЕ ӨТТІ

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ҒАРЫШКЕРІ ТОҚТАР ӘУБӘКІРОВТІҢ МЕРЕЙТОЙЫ ҚАРҚАРАЛЫ ТӨРІНДЕ ӨТТІ

Қасиетті Қарқаралыда Кеңестер Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Ғасыр саңлағы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің мерейтойы сән-салтанатымен өтті.

Мерейтойдың ашылу салтанатында облыстық мәслихат төрағасы Нүркен Қобжанов алғашқы сөз алып, Тоқтар Оңғарбайұлын мерейтойымен құттықтады. Батырдың иығына шапан жабылып, Еуразия ұлттық университеті дайындап шығарған батыр туралы кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Жерлестерімен қуана қауышқан Тоқтар Оңғарбайұлы жиналған көпшілікке жүрекжарды лебізін білдіріп, алғысын айтты.

«Алтын домбыра» иегері, айтулы айтыскер ақын Мақсат Ақанов батырға жыр арнап, жұртшылықтың ықыласына бөленді.

Аудан әкімі Саят Мусин сөз алып, қадірменді қонақтардың ішінде Тоқтар батырдың ізін басқан қазақтың ғарышкері Айдын Айымбетовті қошеметпен ортаға шақырып, астына сәйгүлік мінгізіп, құрмет көрсетті.

Ізгі тілектер мен сый-сияпат рәсімі мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, той алаңы думанды іс-шараларға ұласты.

Жиналған қалың жұртшылық жағалай тігілген киіз үйлердің ортасында өткен қазақ күресі, қол күресі және садақ атудан ұйымдастырылған сайыстарды тамашалады. Түстен кейін ат жарысы өткізіліп, мерейтой аясындағы мерекелік шаралар жоғары деңгейде қорытындыланды.