
Бүгін Қарқаралы қаласының Ш.Жандарбекова атындағы мәдениет орталығында «БОЛАШАҚҚА ЖОЛДАМА» VII аудандық кәсіптік бағдар беру форумы ұйымдастырылды.
Бүгінгі шараның басты мақсаты – оқушыларға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беру, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптермен таныстыру.
Аталған форумға 4 жоғары оқу орны мен 4 колледж қатысты. Олар: Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті; Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті; Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті; «Болашақ» академиясы және Қарқаралы қаласының М. Әдекенов атындағы ауылшаруашылық колледжі; Қарағанды экономика, бизнес және құқық колледжі; Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі; Қарағанды теміржол колледжі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Жастар білімді, еңбекқор әрі кәсіби білікті болуы тиіс». «Өскенде кім болғың келеді?» – бұл үлкендер өз балаларына қоятын ең танымал сұрақ. Кәсіби болашақты дұрыс таңдау – қоғамдағы өз орныңды табудың негізі. Яғни, мамандық таңдау – жай ғана оқып, диплом алу емес, өмірлік жолыңды айқындау.
Кәсіптік бағдар беру форумына ауданымыздың білім беру орталықтарынан 9–11 сынып оқушылары, ата-аналар және ұстаздар қатысты.
Форум барысында оқушылар өздерін қызықтырған мамандықтар бойынша сұрақтар қойып, сол жерде жауап алды.