Вице-министр Қарқаралы ауданына келді

Вице-министр Қарқаралы ауданына келді

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Шарбиев Нұркен Қожамұратұлы Қарқаралы ауданына жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында Нұркен Қожамұратұлы Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында экологиялық туризмді дамыту мәселелері бойынша жиын өткізді. Жиында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

Туризмді дамыту және орман өртін сөндіру станцияларының жұмысымен танысқаннан кейін, вице-министр ұлттық табиғи паркке сегіз арнайы «HOWO» маркалы өрт сөндіру көлігінің кілтін салтанатты түрде табыстады. Ол Қарқаралы ормандарын тілсіз жаудан қорғау ісіне сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, қазіргі заман талабына сай, алдыңғы қатарлы өрт сөндіру техникасы қатарына жататын «HOWO» автокөліктерінің техникалық мүмкіндіктері таныстырылды. Жаңа көліктер су резервуарларымен, құрыш басқыштармен және өрт сөндіруге қажетті құралдармен жабдықталған.

Аудан әкімінің орынбасары Данияр Омаров азаматтық қорғау саласында соңғы жылдары атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, аталған салаға қолдау білдіріп отырған облыс әкімдігі мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне алғыс айтты.

Сапар соңында Нұркен Шарбиев Ақтерек ауылындағы қарағаш пен қарағай көшеттері отырғызылған питомникте болып, табиғат мұражайы мен зоологиялық вольерді аралап көрді.