ҚАСЫМ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

ҚАСЫМ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Қарқаралы ауданына қарасты Қасым ауылында 1 қыркүйек – Білім күні мерекесі ерекше қуанышпен аталып өтті. Ауыл тұрғындары үшін көптен күткен жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

200 орынға арналған жаңа білім ордасы ауыл өміріне тың серпін беріп, үлкен мен кішіні ортақ қуанышта тоғыстырды.

Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов ауыл тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтап, жаңа мектептің игілігін көріп, талай шәкірттің болашағына жол ашатынына сенім білдірді.

Ауыл ақсақалы Сәбит Тоғамбеков ауыл халқының атынан алғысын айтып, білім ордасына аяқ басқан 145 оқушы мен ұстаздарға сәттілік пен табыс тіледі.

Жалпы аумағы 1850 шаршы метрді құрайтын екі қабатты жаңа мектепте 14 оқу кабинеті, шеберхана және спорт залы орналасқан.

Салтанатты ашылу рәсімі ән мен күйге ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.