ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ – БАҒЫТ-БАҒДАР АЛАҢЫ

ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ – БАҒЫТ-БАҒДАР АЛАҢЫ

Бүгін «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты тақырыпта ұстаздардың Тамыз конференциясы өтті.

Ауданның білім беру қызметкерлері мен мұғалімдер қауымының басын қосқан дәстүрлі шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Саят Мусин қатысып, жиналған қауымды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ақ тілегін білдірді.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Абылай Жәлелов 2024-2025 оқу жылының қорытындысы және алдағы оқу жылына арналған міндеттер бойынша баяндама жасады.

Облыстық білім басқармасының педагогикалық қызметті дамыту бөлімінің басшысы Жанат Жұмагелдина ұстаздар қауымына жылы лебізін жеткізді.

Ақжарма тілектер марапат рәсіміне ұласып, бірқатар сала қызметкерлері мен ұстаздар аудан әкімінің алғыс хатымен, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен және облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының марапаттарымен марапатталды.

Конференция барысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің "Еңбек ардагері" медалі Бүркітті ауылының №20 жалпы білім беретін мектептің мектепке дейінгі білім беру педагогы, зейнеткер ұстаз Рахилаш Сағатоваға, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісі Қарқаралы қаласының Әлімхан Ермеков атындағы №2 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Бибігүл Маженоваға, «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі Татан ауылының №23 жалпы білім беретін мектебінің директоры Мейрам Рахымбековке табысталды.

«Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялануына орай Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен Айнабұлақ ауылының №31 жалпы білім беретін мектептің аспазшысы Дәния Мұхаметжанова марапатталды.

Жаңа оқу жылына бағыт-бағдар жасалып, ұстаздардың еңбегі құрметтелген іс-шара әсем ән, әдеми бимен көмкерілді.