Бүгінде кәсіптің түр-түрі бар. Жаңа технологияның арқасында шығынсыз әрі тиімді еңбекпен айналысуға мүмкіндік беретін тың бағыттар пайда болуда.
Осындай игі істі қолға алған жерлесіміз – Қарқаралы ауданы, Ынталы ауылының тумасы Дарияш Ильяшева. Ол алғашқыда мал шаруашылығымен айналысқан. Алайда 2023 жылдан бастап жаңаша бағытқа бет бұрып, көңді өңдеу және тыңайтқыш өндіру ісін бастайды.
– Бізде көң көп, бірақ оны тиімді пайдалану жолдарын табу қажет болды. Осы бағытта ізденіп, жаңа технологияларды зерттеуге ден қойдым. Қазір шаруашылығымда калифорниялық құрттарды қолданамын. Олар өте төзімді әрі өнімділігі жоғары, – дейді талапты кәсіпкер.
Дарияш өз шаруашылығында көңді қайта өңдеп, қалдықтардан биогумус өнімін алып, фермерлермен, бағбандармен және бақша өсірушілермен тығыз жұмыс жүргізуде.
Алдағы уақытта кәсіпкер бұл істі өнеркәсіптік ауқымға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр.