
cДемалыс күні Қарқаралы қаласындағы шаңғы базасында шаңғымен жүгіруден V ашық Қарқаралы марафоны өтті.
Мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі – халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, жастарды спортқа баулу және бұқаралық спортты дамыту болып табылады. Осы мақсатта ұйымдастырылған дәстүрлі марафон табиғаты көркем, туристік әлеуеті жоғары Қарқаралы қаласында жоғары деңгейде өтті.
Ашық марафонға Астана, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды қалаларынан және аудан өңірлерінен 50-ге жуық спортшы қатысты.
Жарыс қашықтықтары келесідей болды:
– оқушы қыздар – 5 шақырым;
– оқушы ұлдар – 10 шақырым;
– ересек әйелдер – 15 шақырым;
– ерлер – 30 шақырым.
Марафонның жалпы жүлде қоры 500 мың теңгені құрады. Сонымен қатар, V ашық марафонға арнайы эскизбен жасалған медальдар табысталды. Медаль дайындауға демеушілік көрсеткен жергілікті кәсіпкерлер – өңір спортына тұрақты қолдау білдіріп жүрген азаматтар Айдос Жазитұлына, Жақсылық Қайырбекұлына, Жарылқасын Несіпханұлына ерекше алғыс білдіреміз.
Сондай-ақ, аталған марафонды ұйымдастыруға бастамашы болып, жыл сайын өткізілуіне тікелей атсалысып келе жатқан белгілі спортшы, марафоншы Думан Бейсенаевтың еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Жеңімпаздарға сүт және тағам өнімдерімен демеушілік көрсеткен отандық «NATIGE» сүт фабрикасының басшылығына да алғысымызды білдіреміз.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы жасалған медальдармен, бағалы сыйлықтармен және ақшалай сыйақымен марапатталды.
Іс-шараға қала тұрғындары мен спортшылар отбасыларымен келіп, қатысушыларға қолдау көрсетті. Патриоттық әндер шырқалып, марафон жоғары көңіл-күйде өтіп, көрермендер мен спортшыларға мерекелік әсер сыйлады.