Бүгін, 2025 жылғы 5 мамыр күні сағат 10.00-де Қарағанды қаласындағы Достық үйінде Республикалық қоғамдық бірлестігі «Ардагерлер ұйымы» облыстық филиалының V пленумы өтеді. Іс-шара патриотизм, азаматтық жауапкершілік және ұрпақтар сабақтастығы ұранымен өтпек.
Пленумның негізгі назарында – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты республикалық акцияны жүзеге асыру мәселелері болады. Қатысушылар жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің басты бағыттарын, ардагерлер қозғалысының рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудағы және тарихи жадты сақтаудағы рөлін талқылайды.
Пленум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде белгіленген міндеттер аясында өтеді. Әсіресе, өскелең ұрпақты ерлік пен Отанға адалдық үлгісінде тәрбиелеу ісінде ардагерлер, жастар және мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселесіне ерекше назар аударылады.
Пленум қорытындысы бойынша патриоттық қозғалысты одан әрі дамыту және қоғамның бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығын сақтау жолында күш-жігерді біріктіруге бағытталған нақты ұсыныстар әзірленеді.