Бүгін облысымызға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков және Геральдиканы зерттеу орталығының директоры Асылбек Байжұма келді.
Бағдарлама облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұловтың қонақпен кездесуінен басталды, онда еліміздің тәуелсіздігін қалыптастырудағы оның жасампаз еңбегі ерекше атап өтілді. Жандарбек Мәлібековке құрмет белгісі ретінде естелік сыйлықтар табыс етілді.
Одан әрі Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушылары мен студенттерімен кездесу өтті.
Елтаңба авторы диалог форматында жиналғандарға еліміздің Мемлекеттік Елтаңбаның жасалу тарихына тоқталып, олардың өздерін толғандырған сұрақтарына жауап берді, өскелең ұрпаққа ақылын айтты.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков:
– Елтаңбаны жасау кезінде халқымыздың бірлігінің мәнін жеткізуге тырыстым. Бұл бірлік жылдар өткен сайын нығая берсін. Елімізді дамытып жатқаны үшін барша қазақстандықтарға алғысымды білдіргім келеді. Мен белсенді және ақылды жастарымызға ерекше алғысымды айтамын.