Балқашта Қасым Аманжоловтың құрметіне әдеби аялдама орнатылды

Балқашта Қасым Аманжоловтың құрметіне әдеби аялдама орнатылды

Балқашта жаңа әдеби аялдама жасалды. Автобус күту кезінде биыл 110- жылдық мерейтойы атап өтіліп жатқан көрнекті қазақ ақыны Қасым Аманжолов туралы мағлұмат алуға болады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Отыз жылдыққа – отыз аялдама" акциясын "Сары Қазына" ЖШС "Қоңырат" Корпоративтік Қоры қолдады. Идея осы қордың қаражаты есебінен іске асырылды.

Аялдама павильонының қабырғаларына Қасым Аманжоловтың өмірбаяны мен өлеңдері жазылған баннерлер орналастырылды.

Қасым Аманжолов (1911–1955) Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ерте жасында ата-анасынан айырылып, интернатта тәрбиеленген, онда бастауыш білім алды. Семей педагогикалық техникумында, кейін Оралдағы педагогикалық институтта оқыды. 1930 жылдары республикалық "Лениншіл жас" комсомол газетінің редакциясында жұмыс істеді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Қасым Аманжолов студент кезінде поэзиямен әуестенген. 1938 жылы оның алғашқы өлеңдер жинағы – "Өмір сыры" жарық көрді. Майдангер ақынның шығармалары халық арасында өте танымал және қазақстандықтардың бірнеше ұрпақтарының сүйіспеншілігіне бөленді.