Жеңіс Қасымбек Қоғамдық кеңес алдында есеп берді

Жеңіс Қасымбек Қоғамдық кеңес алдында есеп берді

Пандемия кезіндегі қайта құру және жаңа шындыққа бейімделу. Қарағанды облысы 2020 жылғы қиын сын-қатерлерге қалай төтеп берді және 2021 жылы не істелетіні туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек Қоғамдық кеңес алдындағы есебінде айтып берді.

Барлық қиындықтарға, ТЖ режимі мен карантиндік шектеулерге қарамастан, облыс дамудың оң динамикасын сақтап қалды.

- Біздің бірінші кезектегі міндеттеріміз тұрғындардың денсаулығын сақтау, бизнесті қолдау, тұрақты табыс пен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету болды, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. - Өткен жыл аралығында 2500-ден астам тұрақты жұмыс орындарын құрумен 11 жаңа өндіріс іске қосылды. Өнеркәсіпте өнім көлемі 1,5% өсіммен 2,9 трлн теңгені құрады. Инвестиция тартуға үлкен көңіл бөлінді. Өткен жылы олардың көлемі 678,2 млрд теңгені құрады, оның 81,6%-ы - жеке қаражат.

Түрлі бағдарламалардың арқасында 35 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Жұмыспен қамту жол картасы бойынша 16 мың жұмыс орнын құрумен 140 елді мекенде 622 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Қалалар мен ауылдық жерлерде шамамен 300 шақырым жол, 200-ден астам әлеуметтік нысан жөнделді, 37 елді мекенде сумен жабдықтау жақсарды.

Бюджет шығыстары түзетуден өтті. Денсаулық сақтау саласына қомақты қаражат жұмсалды.

Қысқа мерзімде облыста жұмыс істеп тұрған ауруханалар инфекциялық госпитальдарға қайта бейінделді. Жезқазғанда 200 орынға шақталған жаңа жұқпалы аурулар госпиталі салынды. Өңір бойынша медициналық жабдықтар паркі жаңартылды. 242 ӨЖЖ аппараты, 40 цифрлық рентген-аппарат сатып алынды. Жыл ішінде 5 компьютерлік томография кабинеті және 11 ПТР-зертхана ашылды.

Жеңіс Қасымбек Қоғамдық кеңеске 2021 жылға арналған жоспарлар туралы да айтып берді. 14 ірі өндірісті іске қосу көзделіп отыр. Болжам бойынша, инвестициялар шамамен 715 млрд теңгені құрайды.

Тұрғын үй құрылысы ұлғаяды. 3 мыңнан астам әлеуметтік қорғалған отбасын пәтермен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Облыстық және кентішілік жолдарды ретке келтіру жалғастырылады. Қалалар мен аудандарда су және жылумен жабдықтауды жақсарту үшін бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Үкіметтің қолдауының арқасында өңірде бірден жеті ірі кәріз-тазарту желісі салынуда. Биыл Приозерск, Абай қалалары, Ұлытау ауылы мен Қарабас кентінде тазарту құрылыстары пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Қарқаралы ауданының Қарағайлы кенті мен Ақтоғайда жобаларды іске асыру жоспарланған.

- Біздің басты міндетіміз - облыс тұрғындарының әл-ауқатын қамтамасыз ету. Облыста шешуді қажет ететін мәселелер әлі де аз емес. Мұнда сіздердің қолдауларыңыз өте маңызды. Біз бірге алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізе алатынымызға сенімдімін, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Қоғамдық кеңес мүшелері биліктің жұмысына оң баға берді.

- Экономист ретінде мен облыстық команданың тиімді қызметін атап өте аламын. Ең бастысы - тұрақтылық, жұмыс орындары. Инвестиция тартудың, өнеркәсіпті дамытудың жақсы көрсеткіштері бар, - деді кеңес төрағасы Ерқара Аймағамбетов.