Қарағанды облысының қалалары мен аудандарындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері этносаралық қатынастар саласындағы заң талаптарын түсіндіру және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жолдарын талқылады.

Қарағанды облысының қалалары мен аудандарындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері этносаралық қатынастар саласындағы заң талаптарын түсіндіру және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жолдарын талқылады.

Қарағанды облысының қалалары мен аудандарындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері этносаралық қатынастар саласындағы заң талаптарын түсіндіру және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жолдарын талқылады. Семинарда жалған және арандатушылық ақпаратты анықтау, оның таралуының алдын алу және түсіндіру жұмыстарын тиімді жүргізу бойынша практикалық ұсынымдар берілді.

Іс-шара «Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында этносаралық қатынастар саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметін дамыту» – «Бірлік. Заң. Қоғам» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақстандық Даму Ассоциациясы» ЗТБ жүзеге асыруда. Жобаның операторы — «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ.

Семинарды Қарағанды облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы – Нұрлан Бикенов ашты. Ол «Заң және Тәртіп» қағидаты ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметінде де нақты көрініс табуы тиіс екенін айрықша атап өтті. Бұл ретте халықпен ашық диалог орнатуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және қоғамдық шиеленіске әкелуі мүмкін факторлардың алдын алуға баса мән берілуі қажет.

Нұрлан Бикенов әлеуметтік желілерде жалған және арандатушылық ақпараттың таралу қаупіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, мұндай ақпарат тұрмыстық немесе қылмыстық жанжалға этносаралық сипат беріп, қоғамдағы ахуалға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан халыққа заң талаптарын түсіндірумен қатар, ақпаратты жауапкершілікпен тарату мәдениетін қалыптастыру маңызды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 174-бабында көзделген жауапкершілікті түсіндіру қажеттігін атап өтті.

Семинар модераторы — «Қазақстандық Даму Ассоциациясы» ЗТБ үйлестірушісі Шыңғысхан Қожахметов жобаның мақсаты мен негізгі бағыттарын таныстырды. Жоба ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметін жетілдіруге, халықтың құқықтық және медиасауаттылығын арттыруға бағытталған.

Басқосу аясында «Орталық Азия мұсылмандары ақсақалдар кеңесі» жобасының жетекшісі Әли Үкенов этносаралық қатынастар саласындағы құқықтық сауаттылық тақырыбында баяндама жасады. Ол заңнаманың негізгі талаптарын түсіндіріп, этносаралық араздықты қоздыруға бағытталған әрекеттердің құқықтық салдарына тоқталды.

Семинарда сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» РММ Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс басқармасының жетекші сарапшысы – Наргиз Шотпай жалған ақпаратты, манипуляциялар мен арандатушылық контентті анықтау тәсілдеріне тоқталды. Сондай-ақ ақпараттың шынайылығын тексеру және әлеуметтік желілерде жауапкершілікпен әрекет ету бойынша практикалық ұсынымдар берді.

Ашық диалог барысында қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысында кездесетін практикалық жағдайларды талқылады. Сондай-ақ халықтың әртүрлі санаттарымен жұмыс жүргізу тәжірибесімен бөлісті.

Семинарға Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері қатысты. Жиын барысында берілген ұсынымдар жергілікті жерлердегі профилактикалық және түсіндіру жұмыстарында қолданылады.

Айта кетейік, өңірде облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейдегі 120-дан астам ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Олардың қызметі халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, этносаралық қатынастар саласындағы тәуекелдердің алдын алуға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған.

Ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған семинардан кейін республикалық спикерлер Қарағанды облысының Ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, өңірдегі басқа да алаңдарда жұмысын жалғастырып, қоғам өкілдерімен, жастармен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесулер өткізді.

Кездесулерге республикалық спикерлер Шыңғысхан Қожахметов, Әли Үкенов, Наргиз Шотпай және Қарағанды облысының Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Мүбаракұлы Тоқсанбай қатысты.

Атап айтқанда, 22 қыркүйек күні сағат 12:00-де этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және журналистермен кездесу өтті. Басқосуда құқықтық және медиасауаттылық, жалған және арандатушылық ақпараттың таралуының алдын алу, сондай-ақ ақпараттық кеңістіктегі жауапты мінез-құлық мәселелері талқыланды.

Сағат 15:00-де спикерлер Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттерімен кездесті. Жастармен этносаралық келісімді сақтаудың, өзара құрмет пен жауапкершіліктің маңыздылығы, әлеуметтік желілердегі ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау, жалған ақпарат пен манипуляцияларды ажырату тәсілдері, сондай-ақ құқықтық жауапкершілік мәселелері сөз болды.

Кездесулер сағат 16:00-де QazTehna өндірістік алаңында жалғасты. Кәсіпорын қызметкерлерімен өткен ашық диалог барысында құқықтық сауаттылықты арттыру, жанжалды жағдайлардың алдын алу және еңбек ұжымдарындағы этносаралық келісімді сақтау мәселелері қозғалды.

Сарапшылар профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмысының негізгі тәсілдерімен бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді және тәжірибеде кездесетін нақты жағдайларды талқылады.

Халықтың әртүрлі санаттарымен осындай кездесулер өткізу тікелей диалог орнатуға, өзекті мәселелерді дер кезінде түсіндіруге, өзара құрмет мәдениетін нығайтуға, сондай-ақ азаматтардың құқықтық және медиасауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.