
Қарағандыда «Көгілдір тоғандар» шағынауданы мен Оңтүстік-Шығыс ауданның арасындағы жаңа тұрғын алап қарқынды дамып келеді. Мұнда тұрғын үйлер бой көтеруде, спорт кластері салынады, сондай-ақ балабақшалар мен мектептер ашу жоспарланған. Сонымен қатар аумағы 200 гектарды құрайтын заманауи экосаябақ қалыптасып жатыр.

Мамыр айының ортасында іргесі қаланған саябаққа осы уақытқа дейін 2,6 мың ағаш – емен, алма, қарағай және қарағаш көшеттері егілген. Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ауқымды көгалдандыру сенбілігі өтіп, оған облыстың барлық қалалары мен аудандарынан делегациялар қатысты. Нәтижесінде экосаябақ аумағына тағы екі мыңнан астам ағаш егілді.

— Асар – адамдардың ортақ іске ешқандай сыйақы күтпестен және жауапкершілікті өзгеге жүктеместен бірігуі. Облыс тұрғындарының үшінші апта қатарынан бір мақсат жолында бас қосып отырғаны ерекше мәнге ие деп ойлаймын. Біз мұндай жобаларды көбіне егілген ағаштардың саны немесе атқарылған жұмыстың көлемі арқылы бағалаймыз. Алайда мұндай акциялардың басты нәтижесі тек цифрлармен өлшенбейді. Ең маңызды нәтиже – сіздерсіздер! Біздің ортақ болашағымызға бейжай қарамайтын азаматтар. Өйткені кез келген саябақ жолдардан, жарықтандырудан немесе абаттандырудан басталмайды. Ол осы жерді өз мекені санап, оған жанашырлықпен қарайтын адамдардан басталады, – деді сенбілікке қатысушыларға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Мысалы, облыс орталығынан шамамен 200 шақырым қашықтықта орналасқан Нұра ауданынан 50 адам келіп, өздерімен бірге жүз түп пирамидалы терек көшетін ала келген.

Сенбіліктің ең жас қатысушысы – небәрі бір жарым жастағы Роберт Мацура. Ол кәсіпкер ата-анасымен бірге өзінің алғашқы ағашын – қарағаш көшетін екті.

Жас теннисші спортшылар Амина Жанахметова мен Арина Рябова да өмірлерінде алғаш рет ағаш екті.
— Бізді бұл акцияға жаттықтырушымыз шақырды. Осындай маңызды әрі пайдалы іске қатысып жатқанымызға қуаныштымыз. Көңіл күйіміз тамаша. Енді осында келіп, өзіміз еккен көшеттердің қалай өсіп жатқанын бақылап жүреміз, – деді оқушы қыздар.

Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов экосаябақ пен жаңа шағынауданның алдағы даму жоспарлары туралы айтты. Көктемгі көгалдандыру кезеңі аяқталуға жақын, ал келесі кезең күзде жалғасады. Биыл барлығы 15 мың ағаш егу көзделген.

Жаңа саябақ тұрғындардың белсенді демалысына арналған заманауи серуен жолақтарымен, велосипед жолдарымен, спорт алаңдарымен және жайлы демалу орындарымен жабдықталады.

Ұсынылған макетте тұтас шағынауданның болашақ келбеті көрсетілген. Қазіргі таңда мұнда 26 көпқабатты тұрғын үй бар болса, алдағы уақытта олардың саны 55 тұрғын үй кешеніне дейін ұлғаяды.

Бұл жеті мыңнан астам жаңа пәтерді құрайды. Қала әкімінің айтуынша, мұнда 7 балабақша, 5 мектеп, аурухана кешені және жаңа стадионы бар спорт кластері салынады.

Сондай-ақ осы аумақта 60 шақырымнан астам жаңа жол төселмек. Биыл олардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу басталады. Бұдан бөлек, Оңтүстік-Шығыс аудан мен Майқұдықты байланыстыратын жаңа автомагистраль құрылысы аяқталуы тиіс.

Спорт кластеріне 75 гектар жер бөлінген. Мейрам Кожуховтың айтуынша, нысандарды жобалау жұмыстары қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр.

Мұнда Футбол академиясы, 12 мың көрерменге арналған UEFA талаптарына сай стадион, Мұз сарайы, жеңіл атлетика манежі, спорт мектеп-интернаты, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру орталығы және кәсіби спортшылар мен бұқаралық спортты дамытуға арналған өзге де нысандар салынатын болады.
