
Еске алу шарасына Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Қобжанов Нүркен Сайфуддинұлы, Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Алешка Симкич, Еуропалық Одаққа мүше 24 мемлекеттің дипломатиялық миссияларының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар, ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері, этномәдени бірлестіктер мүшелері мен өңір тұрғындары қатысты.
Рәсімге қатысушылар мемориалдық белгілерге гүл шоқтарын қойып, саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың құрбаны болған миллиондаған азаматтың рухын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Іс-шара тарихи қасірет құрбандарының рухына тағзым ету рухында өтіп, қоғамдық келісім мен бірлікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.
Қарағанды облысы саяси қуғын-сүргін тарихында ерекше орын алады. Жаппай депортациялар мен күштеп қоныс аудару жылдарында мұнда көптеген халықтардың өкілдері жер аударылып, Қарлаг жүйесі арқылы мыңдаған адам өтті. Бүгінде Спасск мемориалдық кешені аумағында саяси қуғын-сүргін құрбандары рухына тағзым ретінде түрлі мемлекеттер орнатқан 28 мемориалдық белгі орналасқан.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аясында өңірде бірқатар тағылымдық және ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылды. 25–31 мамыр аралығында Н.В. Гоголь, Абай және Ж. Бектұров атындағы кітапханаларда тақырыптық көрмелер өткізілуде. Сонымен қатар келушілер үшін Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінде, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде және облыстың өзге де музейлерінде экскурсиялар ұйымдастырылды.