
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлденей Әлібек Үсенұлының төрағалығымен үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі Кеңестің кезекті отырысы өтті.
Отырыс барысында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобаларын іске асыру, жергілікті атқарушы органдардың ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылы, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталған әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Отырысты ашқан облыс әкімінің орынбасары азаматтық қоғамды дамытудағы, әлеуметтік жобаларды іске асырудағы және қоғамдық диалогты нығайтудағы үкіметтік емес сектордың маңызды рөлін атап өтті.
2026 жылы өңірде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыруға шамамен 3 млрд теңге қарастырылғаны, бұл өткен жылмен салыстырғанда 24%-ға артық екені айтылды.
Баяндамалармен ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары, сондай-ақ Теміртау, Шахтинск және Саран қалалары әкімдерінің орынбасарлары сөз сөйледі.
Өз сөзінде Нұрлан Бикенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» идеологемаларын іске асыруға, жас журналистерді, блогерлерді қолдауға және мемлекеттік рәміздердің рөлін нығайтуға бағытталған жаңа жобалардың басталғанын атап өтті. Сонымен қатар жастарды қолдау, аналитиканы дамыту, инклюзивті спорт пен ерекше қажеттілігі бар азаматтарды әлеуметтік бейімдеу бағытындағы жобалар жүзеге асырылуда.
Кеңес барысында әлеуметтік жобалардың тиімділігі, Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы, инватакси қызметі, ҮЕҰ-ның қоғамдық-саяси өмірге қатысуы және әлеуметтік бағдарламаларға қатысушыларды жұмыспен қамту мәселелері талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға, басқармаларға және қала-аудан әкімдіктеріне әлеуметтік жобаларды өзектендіру, «Таза Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» бастамалары аясындағы жұмысты күшейту, сондай-ақ халықты қолдау тетіктері мен азаматтық сектормен өзара іс-қимылды одан әрі дамыту бойынша тиісті тапсырмалар берілді.