«Мерейлі отбасы» байқауының республикалық кезеңінде Қарағанды облысының намысын қорғау құрметі Саран қаласындағы жанұяға берілді

«Мерейлі отбасы» байқауының республикалық кезеңінде Қарағанды облысының намысын қорғау құрметі Саран қаласындағы жанұяға берілді

Қарағанды облысында ұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының аймақтық кезеңі қорытындыланды. Биыл үздік атақ үшін 500-ден астам өтінімнің ішінен іріктелген 26 отбасы бақ сынады. Өңірлік кезеңнің жеңімпазы енді облыс атынан Астанада өтетін республикалық кезеңге қатысады.

Бас жүлдені Саран қаласында тұратын Ключниковтар отбасы жеңіп алды. Отбасы отағасы Константин – «Тентек» шахтасының қызметкері, көпжылдық еңбек дәстүрі бар кеншілер әулетінің өкілі. Әулеттің жалпы еңбек өтілі 80 жылдан асады. Жұбайы Анастасия – қалалық ауруханада лаборант болып еңбек етеді. Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп отыр: үлкен қыздары Мария – бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионы, ұлы Мирослав – грэпплингтен Азия және Қазақстан чемпионаттарының жүлдегері.

– Біздің ең басты құндылығымыз – бірлік пен өзара түсіністік, – дейді Константин Ключников.

– Бұл жеңіс біз үшін үлкен тосынсый болды. Отбасының негізі – сенім, ашықтық және өзара қолдау. Балаларымызды ең алдымен жауапкершілікке үйретуге тырысамыз, – деп толықтырды Анастасия Ключникова.

Байқаудың өңірлік кезеңіне әр аудан мен қаладан екі отбасынан қатысты. Қазылар алқасы қатысушылардың қоғамдық белсенділігін, отбасылық құндылықтарды дәріптеудегі еңбегін, дәстүрлерді сақтауын, бала тәрбиесі мен жетістіктерін, сондай-ақ әулет сабақтастығын бағалады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мықты және бақытты отбасы – еліміздің өркендеуі мен тұрақтылығының тірегі. Мемлекет отбасы институтын дамытуға және кешенді отбасылық саясатты жүзеге асыруға ерекше назар аударады. Бүгін мұнда ұрпақтар сабақтастығын жалғап, елге үлгі болып отырған өнегелі отбасылар жиналды. Осындай мықты, ынтымақты, бақытты отбасылар көбейе берсін, – деді облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков.

Аймақтық кезеңнің бірінші орнын Осакаров ауданында тұратын Сайлаубековтер отбасы иеленсе, 

екінші орын осы ауданның Жапаровтар отбасына бұйырды.

Үшінші орын Теміртау қаласынан қатысқан Бүлкенбаевтерге берілді.

Ұлттық «Мерейлі отбасы» байқауы 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту және дәстүрлі құндылықтарды сақтау. Соңғы он екі жылда байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Аналар кеңесінің бастамасымен тағы бір байқау ұйымдастырылды. «Елге адал ұрпақ тәрбиелеген отбасы» номинациясында Балқаш қаласынан келген Алғамжановтар жеңімпаз атанды. Отағасы Мейретай – ішкі істер органдарының ардагері, жұбайы Айгүл – қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Ерлі-зайыптылар төрт ұл өсіріп, бүгінде сегіз немере тәрбиелеп отыр. Балалары Балқаш мыс балқыту зауытында еңбек етеді.

– Ең бастысы – сүйіспеншілік пен өзара құрмет. Осы қасиетті бізге ата-анамыз дарытты, енді соны өз балаларымызға жеткізіп келеміз, – дейді Айгүл Сапарбекова.

Сондай-ақ Нұра ауданынан келген Мұқаналиевтер отбасы «Күміс кереге» номинациясының, ал Ақтоғай ауданынан қатысқан Мұқашевтар 58 жыл отасқан өмір жолдары үшін «Алтын шаңырақ» атағының иегері атанды.