Қарағандылық журналистер кәсіби мерекеге орай мемлекеттік наградаларға ие болды

Қарағандылық журналистер кәсіби мерекеге орай мемлекеттік наградаларға ие болды

Кәсіби мереке қарсаңында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев БАҚ қызметкерлерімен және журналистика ардагерлерімен кездесті. Ол отандық журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысының атынан наградалар тапсырды. Сондай-ақ, жыл сайынғы «Алтын Сұңқар» байқауының нәтижелері шығарылып, жеңімпаздар сыйлықтар мен естелік мүсіндерге ие болды.

- Сіздер өңірдегі проблемаларды бірінші болып байқап, адамдарға не болып жатқанын көрсетіп келесіздер. Кез келген ауа райында, ыстықта және суықта жедел жолға шығып, жаңалықтарды жариялап жүресіздер. Кәсіби диалог арқылы біз бір бірімізге деген сенімді нығайтудамыз. БАҚ арқылы тұрғындарымыз үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат жеткізіп келесіздер, - деді Ермағанбет Бөлекпаев журналистерге және оларды кәсіби мерекесімен құттықтады.

Saryarqa телеарнасының редакторы Гүлбақша Ақажанова Астанада өткен құттықтауда ел Президентінің қолынан сыйлық алды.

Мемлекеттік наградаларға журналистиканың екі ардагері мен БАҚ жетекшісі ие болды.

Журналистикаға 50 жылдан астам уақытын арнаған Аман Жанғожин «Парасат» орденімен марапатталды.

- Журналистикада 1974 жылдан бері жұмыс істеп келемін. «Орталық Қазақстан» газетінде тілшіден редактордың орынбасарына дейінгі жолдан жүріп өттім. Зейнетке шыққаннан кейін де баспасөзбен байланысымды жоғалтқан жоқпын. Жоғары марапат үшін рахмет. Бұл біздің еңбегімізді құрметтеудің белгісі, - деді журналистика ардагері.

«Құрмет» орденімен журналистика ардагері Серік Сексенов марапатталды.

«Новое телевидение» арнасының директоры Руслан Никонович «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Сондай-ақ, облыс әкімінің ведомстволық наградалары мен Алғыс хаттары табыс етілді.

«Алтын Сұңқар» байқауына биыл 128 өтінім келіп түсті. Он номинация бойынша жеңімпаздар өңірдің журналистік қоғамдастығының дауыс беру нәтижелері және комиссияның шешімі бойынша екі кезеңде анықталды.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Сарыарқа – достық аймағы» арнайы номинациясы белгіленді. ҚХА мүшелерінің шешімі бойынша оны «Первый Карагандинский» телеарнасының дикторы және тележүргізушісі Гүлнұр Жәкен иеленді.

Облыс әкімінің «Қарағанды журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығы «Северное Прибалхашье» газетінің ұжымына берілді.

- Біз көп жылдан бері Балқаш қаласының шежіресін жасап келеміз. Өз жұмысымызды жақсы көреміз. Заманмен қатар жүруге тырысамыз. Біз басқа адамдарды мақтап, өзіміз сыртта қалуға үйреніп қалдық. Біздің жұмысымызды лайықты бағалағаны үшін рахмет, - деді «Северное Прибалхашье» газетінің бас редакторы Береке Шалова.