Халық арасында жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмысы аясында 2025 жылғы 24 қыркүйекте "БЖЗҚ" АҚ-ның барлық филиалдарында онлайн форматтағы Ашық есік күні өткізілді.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Онда БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері, тұрғын үйге/емделуге біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) түріндегі кірістерді жеке табыс салығынан (ЖТС) босату көзделген. Алайда, бұл өзгерістің Қазақстан Республикасының резиденті емес тұлғаларға БЖЗҚ-дан берілетін төлемдерге еш қатысы жоқ.
Сондай-ақ, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өз пайдасына аударылған ерікті зейнетақы жарналары бойынша төлем көзінен салық салынуға жататын табыстан Салық кодексінде белгіленген шектерде қолданылатын салықтық шегерімдер де жойылады. Бұл ретте жұмыс берушінің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмысшының пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары жеке тұлғаның табысы болып саналмайды (тиісінше, жеке табыс салығы салынбайды), ал жұмыс беруші үшін бұл шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылады. Яғни бұл жағдайда салықтық жеңілдікті жұмысшы да, жұмыс беруші де пайдалана алады.
Ашық есік күнін өткізу кезінде БЖЗҚ салымшыларына 2026 жылғы 01 қаңтардан бастап күшіне енетін ҚР жаңа Салық кодексінің зейнетақы төлемдеріне қатысты негізгі ережелері туралы толығырақ ақпарат беріліп, БЖЗҚ-ның цифрлық форматта көрсетілетін қызметтерімен таныстырды.
Бұған қоса, БЖЗҚ қызметкерлері іс-шараның негізгі тақырыбы ғана емес, жалпы Қазақстанның зейнетақы жүйесіне қатысты мәселелерді де қозғап, тілек білдірушілермен жеке консультациялар өткізді.
Онлайн кездесу үлкен қызығушылық тудырды және қатысушылардың пікірлері бойынша аса пайдалы және нәтижелі болды.
Естеріңізге сала кетейік, салымшылар зейнетақы жүйесі мәселелері бойынша кәсіби ақыл-кеңесті БЖЗҚ филиалдарында да, enpf.kz сайтында, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде де онлайн ала алады. Оған қол жеткізу әдістері туралы іс-шарада айтылды.