КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН АЗАМАТТАРДЫҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫН САҚТАУ

КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН АЗАМАТТАРДЫҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫН САҚТАУ

«SARYARQA» телеарнасына берген сұхбатында Департамент басшысы кәмелетке толмаған азаматтармен еңбек шартын жасау кезінде еңбек заңнамасының талаптарын сақтау мәселелеріне тоқталды.

Сұхбат барысында Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында кәмелетке толмаған қызметкерлердің құқықтарын қорғауға, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы нормалар мен кепілдіктер қарастырылғаны атап өтілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес еңбек шарты 16 жасқа толған азаматтармен жасалуы мүмкін. Сонымен қатар, заңнамада белгілі бір жағдайларда 16 жасқа толмаған адамдарды жұмысқа қабылдауға рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда еңбек шарты кәмелетке толмағанның заңды өкілінің – ата-анасының, қорғаншысының немесе қамқоршысының міндетті қатысуымен және қол қоюымен рәсімделеді.

Сондай-ақ сұхбат барысында еңбек шарттарының түрлері түсіндірілді. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 30-бабына сәйкес еңбек шарты белгіленбеген мерзімге, белгілі бір мерзімге, белгілі бір жұмысты орындау кезеңіне, уақытша болмаған қызметкерді алмастыру уақытына, сондай-ақ маусымдық жұмыстарды орындау кезеңіне жасалуы мүмкін.

Сондай-ақ сұхбатта 18 жасқа толмаған азаматтарды ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға тартуға, сондай-ақ толық материалдық жауапкершілік көзделген лауазымдарға жұмысқа қабылдауға жол берілмейтіні де айтылды.

Сұхбаттың негізгі мақсаты – жұмыс берушілер мен азаматтардың кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ еңбек заңнамасының талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру.