
2026 жылғы 17 маусымда әлеуметтік желілерде тікелей онлайн-эфирлер өткізу жөніндегі бекітілген кестеге сәйкес Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Жәнбекова Қ.С. «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жүкті әйелдерге берілетін еңбек кепілдіктері» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру эфирін өткізді.
Эфир барысында жүкті әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау және оларға берілетін кепілдіктер мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының негізгі нормалары қарастырылды. Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің жүкті қызметкерлердің еңбегін реттеу ерекшеліктеріне, жүктілікке және босануға байланысты демалыстарды беру тәртібіне, медициналық қорытынды негізінде жеңіл жұмысқа ауыстыруға, сондай-ақ өзге де әлеуметтік және еңбек кепілдіктеріне қатысты талаптары түсіндірілді.
Жүкті әйелдерді жұмысқа қабылдау кезінде кемсітушілікке жол бермеу, оларды зиянды және қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмыстарға, үстеме жұмыстарға, түнгі уақыттағы жұмыстарға, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыстарға тартуға қатысты заңнамада көзделген шектеулерге ерекше назар аударылды.
Онлайн-эфир барысында тыңдаушылар жүктілікке және босануға байланысты демалыс кезеңінде жұмыс орнының сақталуы, еңбек шартын бұзу кезіндегі кепілдіктер, сондай-ақ жүкті әйелдердің еңбек құқықтарын бұзғаны үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігі туралы түсіндірмелер алды. Сонымен қатар қатысушыларға өздерінің еңбек құқықтарын қорғау тетіктері мен мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде ақпарат берілді.
Осындай онлайн-іс-шараларды өткізу халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтарды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген әлеуметтік және еңбек кепілдіктері туралы хабардар етуге, сондай-ақ еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.