
Сегіз апта бойы жас мамандар, зерттеушілер, қоғамдық сектор өкілдері мен белсенді жастар өңір дамуының өзекті мәселелерін зерделеп, оларды шешудің нақты әрі тиімді жолдарын іздейді.
Қатысушылардың негізгі құралы – дерек. Олар мәселені анықтап қана қоймай, оның туындау себептерін жан-жақты зерделеуге, ақпаратты саралап, соның негізінде нақты шешімдер әзірлеуге үйренеді.
Алғашқы сабақтар өтіп те үлгерді. Қатысушылармен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаев, сондай-ақ экономист әрі сарапшы Айдархан Құсайынов кездесті.
«Талдау мектебін» құру идеясы 2022 жылы жас сарапшылардың бастамасымен дүниеге келген. Сол кезде Сенат төрағасы қызметін атқарған Мәулен Әшімбаев жобаға қолдау білдірді. Бүгінде бастама жүйелі түрде дамып, өз ауқымын кеңейтіп келеді.
Жобаның екінші легі «Іс-қимыл стратегиясы: Қарағанды облысын дамытудағы Data-Driven тәсіл және тиімді шешімдер» тақырыбына арналған. Сегіз апта ішінде қатысушылар моноқалаларды дамыту, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, кедергісіз орта қалыптастыру және Smart-өңір тұжырымдамасы секілді нақты бағыттар бойынша жұмыс істейді.
Бағдарламада дәрістер, сарапшылармен кездесулер, практикалық тапсырмалар, пікірталастар мен командалық жұмыс қарастырылған. Мұнда теориядан гөрі тәжірибеге басымдық беріледі: қатысушылар деректерді талдап, проблемаларды анықтап қана қоймай, оларды шешуге бағытталған өз ұсыныстарын әзірлейді.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, жобаның алғашқы легі «Талдау мектебінің» өңірдегі сараптамалық ортаны қалыптастыруға ықпал ете алатынын көрсетті.
Қатысушылар үшін атқарылған жұмыстың нәтижесі оқу бағдарламасы аясында ғана қалып қоймауы маңызды. Олар облыстың өзекті даму мәселелеріне қатысты өздерінің талдамалық тәсілдері мен нақты ұсыныстарын таныстыра алады.
«Талдау мектебінің» алғашқы легі нақты нәтижелер берді. Жобаның 21 түлегі Қарағанды облысының консультативтік-кеңесші органдарының құрамына енді.
Сонымен қатар қатысушылар әзірлеген зерттеулер Қарағандыны 2028 жылғы ТМД Жастар астанасы мәртебесіне дайындау барысында пайдаланылып жатыр.