ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ: ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ ЖӘНЕ ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕР

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ: ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ ЖӘНЕ ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕР

8 айдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысында оң динамика сақталуда: экономика 2,4%-ға, өнеркәсіп 4,7%-ға, ауыл шаруашылығы 3,9%-ға өсті.

Өнеркәсіп өңір экономикасының негізгі драйвері болып қала береді. 8 айда 3,7 трлн теңгеден астам өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өңдеуші сектордың үлесі артып, металлургия мен машина жасау салалары дамуда. Өнімді қайта өңдеу тереңдігін арттыру және жоғары қосылған құны бар өнім шығару бойынша жобалар жүзеге асырылуда.

Экономикалық өсудің маңызды факторларының бірі – инвестициялық белсенділік. Жыл басынан бері негізгі капиталға шамамен 658 млрд теңге инвестиция бағытталды. Жыл соңына дейін жалпы сомасы 322,5 млрд теңгені құрайтын 44 инвестициялық жобаны іске асырып, 2,9 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 80,9 млрд теңгеге 13 жоба іске қосылып, 1 658 жұмыс орны құрылды.

Ұзақ мерзімді инвестициялық негіз де қалыптасуда. Ірі жобалардың қатарында Балқаштағы жаңа мыс балқыту зауыты, Ақтоғай ауданындағы тау-кен байыту кешені, Шет ауданындағы тау-кен металлургия кешені, сондай-ақ 2028 жылға дейінгі құны 1,6 трлн теңгені құрайтын Qarmet-ті ауқымды жаңғырту бағдарламасы бар.

Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасуда. Биыл 280 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу және қайта жаңғырту, 91,4 км электр желілерін жаңғырту, 493 км автомобиль жолдарын жөндеу жоспарланған. Өңірді газдандыру және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде.

Экономикалық өсім әлеуметтік саланың дамуымен қатар жүруде. Облыста 241 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, төрт жаңа мектеп ашылды, 217 білім беру нысанына жөндеу жүргізілді. Медициналық және спорттық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда.