
Өңірде өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып, оның үлесі тау-кен секторынан асып түсті. Облыста жүзеге асырылып жатқан 44 инвестициялық жобаның 14-і өңдеу саласына тиесілі.
Қаңтар–наурыз айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары Қарағанды облысының әкімі төрағалық еткен аппараттық кеңесте қаралды.
Облыс экономикасы оң динамиканы сақтап отыр. Өнеркәсіпте өсім – 105,9%, ауыл шаруашылығында – 104,4% болып, бұл көрсеткіштер республикалық орташа деңгейден жоғары. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 7,6%-ды құрады.
Жыл басынан бері облыстың негізгі капиталына 139,1 млрд теңге инвестиция салынды, оның басым бөлігі өнеркәсіп секторына бағытталған. Бірқатар салалар тұрақты өсім көрсетуде. Олардың қатарында машина жасау, құрылыс индустриясы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру бар. Облыста шойын, прокат, алтын, күміс, тұрмыстық техника, автобустар мен арнайы техникалар өндірісі артты. Сондай-ақ көмір өндіру көлемі де өсті.
Құрылыс, сауда және көлік салаларында да тұрақты өсім байқалады. Үш айда 67,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 26%-ды құрады.
Алдағы уақытта экономиканың өсімін кемінде 7% деңгейінде қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ол үшін барлық қолда бар резервтерді, соның ішінде цифрлық шешімдерді тиімді пайдаланып, бекітілген әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз ету маңызды, – деп атап өтті өңір басшысы.