
Қарағанды облысында қаржы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Мереке қарсаңында ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды облыс әкімі Ермаганбет Булекпаев табыс етті.
Өңір басшысы өз сөзінде қаржы жүйесі – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті. Өңірдің әрбір жетістігінің артында – қаржы саласы мамандарының күнделікті, ұқыпты еңбегі, олардың ашықтықты, тұрақтылықты және қаражаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуі жатыр.
Облыстың бірқатар қаржы қызметкерлері Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігінің «Экономика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін», сондай-ақ ҚР Жоғары аудиторлық палатасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласының құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды.
Бүгін Қарағанды облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының да бірнеше қызметкері марапатқа ие болды. Ұлттық валюта күніне орай қаржы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ведомстволық марапаттар басқарманың бас мамандары Циглер Ольга Рудольфовна мен Жумакаева Назгуль Замановнаға табысталды; Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін марапатқа басқарма басшысының орынбасары Абишева Гульмира Булатовна, бас мамандар Сатбекова Асель Абаевна мен Дюсекина Бакыт Амановна ие болды; облыс әкімінің Құрмет грамотасымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бөлім басшысы Конаков Владимир Васильевич пен бас маман Бимагамбетова Ляззат Мейрамовна марапатталды; сондай-ақ облыс әкімі Әйгерім Жақсыбекқызы Қонысбекованы әлеуметтік-экономикалық дамуға қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапаттады.