Қарағанды облысында 10 айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқыны 5,3%-ды құрады. Өңірде 4 трлн теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндірілді – бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,2%-ға артық. Барлық негізгі бағыттар бойынша оң динамика байқалады. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі қатысқан кезекті аппараттық жиналыста белгілі болды.
Өңдеу өнеркәсібінде өсім шамамен 6%-ды құрады. Жеңіл өнеркәсіпте, пластмасса мен резеңке бұйымдар өндірісінде, химия өнеркәсібінде, машина жасау, тамақ өнеркәсібі, металлургия және құрылыс индустриясында өндіріс көлемінің артқаны байқалады. Тау-кен өндіру саласында нақты көлем индексі 108,1%-ды құрады, бұл көмір мен металл кендерін өндіру көлемінің артуымен қамтамасыз етілді. Өңірге 783 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл 9,3%-ға өсім көрсетеді. Инвестицияның елеулі бөлігі өнеркәсіп, көлік және ауыл шаруашылығы салаларына тиесілі.
Өңірде 406 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 7%-ға артық.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жыл соңына дейін жоспарланған барлық көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.