
Жезқазған қаласының ішкі саясат бөлімінің конфессияаралық қатынастардың мәселелерін зерттеу және сараптау орталығының ұйымдастыруымен өткен шара барысында қатысушыларға Жошы хан кесенесі, мұражай, Жошы хан ескерткіші, жорық шатыры және қонақ үйден тұратын кешеннің заманауи технологиялық мүмкіндіктері мен қордағы құнды жәдігерлер таныстырылды.
Кешен басында ұйымдастырылған кездесуге қатысқан қала әкімі Әбсаттаров Қайрат Бектайұлы «Жошы хан» кешенінің аймақтағы рухани серпіліске түрткі болатынына сенім білдіріп, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы негізгі бағыттардың жүзеге асуы туралы сөз етті.
Кездесуге қатысқан Қарағанды облысының конфессияаралық қатынастарының проблемаларын зерттеу және талдау орталығының басшысы Дулат Тулегенов жат идеологиялардың әсері мен олардың артында басқа белгілі бір халықтардың мәдени символдары тұрғанын, тиісінше оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере алатынымызды назарға алды.
Қатысушылар «патриотизмнің ең жақсы үлгісі туған жердің тарихын оқу мен білу екенін айтып, қасиетті Жезқазған-Ұлытау өңірінің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген пікір білдірді.
Шара соңында барлық діни бірлестіктер мен этно-мәдени орталықтарының басшылары қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.