
Қарағанды облысында атаулы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыратын мамандарға, сондай-ақ теологтар мен психологтарға арналған оқыту семинары өтті. Іс-шараны Қарағанды облысының Дін істері басқармасы «Жастармен жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмысы – радикалданудың алдын алу құралы» тақырыбында ұйымдастырды. Семинар спикері ретінде дінтанушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Шоманов Болат Шаймолданұлы сөз сөйледі.
Семинар барысында келесі өзекті мәселелер қарастырылды:
• Жастардың радикалды идеологияға осалдығының себептері және оларды анықтау әдістері;
• Жастар арасында діни радикализмнің алдын алудың заманауи тәсілдері;
• Ақпараттық-түсіндіру жұмысының тиімді нысандары мен әдістері;
• Цифрлық орта жағдайында жастар аудиториясымен өзара іс-қимыл жасаудың ерекшеліктері.
Қатысушылар профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттырудың практикалық тетіктерін талқылап, тәжірибе алмасты және жастармен жұмысты жетілдіру бойынша ұсынымдар алды.