
Қарағандыға Астана және Қазақстан митрополиті Александр келді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен өткен кездесуде қоғамдағы бейбітшілік пен келісім мәселелері талқыланды.
– Кезекті рет кездескенімізге қуаныштымын. Мұндай диалогтар діни бірлестіктердің қызметіне қатысты мәселелерді ғана емес, сонымен қатар қоғамның рухани-адамгершілік тәрбиесіне қатысты маңызды тақырыптарды жан-жақты талқылауға мүмкіндік береді. Бұл ел мен өңіріміздің дамуына тікелей ықпал етеді. Облыстың православ епархиясы маңызды ағартушылық жұмыстар жүргізіп, қоғамдық әл-ауқатты нығайтуға бағытталған әлеуметтік жобаларға белсенді қатысып келе жатқанын атап өткім келеді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Митрополит Александр биыл Қарағанды епархиясының құрылғанына 15 жыл толғанын айтты. Сондай-ақ ол Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне қатысу үшін Астанаға жасаған сапары туралы баяндады.
Тараптар алдағы ынтымақтастықтың маңыздылығын және Қазақстанда дәстүрлі діндердің ұлтаралық келісім мен рухани құндылықтарды нығайтудағы рөлін атап өтті.