Облыста цифрлық жобалар іске асырылуда

Облыста цифрлық жобалар іске асырылуда

6 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 85%-дан астамы электрондық түрде алынды. Барлық қызметтердің 92%-дан астамы egov.kz порталында қолжетімді, Telegram-бот немесе мобильді қосымша арқылы алуға болады.

Open akimat жобалары іске асырылды, онда мемлекеттік қызметтер цифрлық технологияларды қолдана отырып, бірыңғай терезе қағидаты бойынша ұсынылады.

Өңірлік геоақпараттық портал құру жалғасуда, онда жер қатынастары, құрылыс және сәулет салаларында, жер учаскелерін алу, құрылыс және реконструкциялау жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну және тағы басқа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер автоматтандырылады, бұл қызмет көрсету мерзімін 1 жылдан 15-20 күнге дейін қысқартады. Мұнда көрсетілетін қызметті беруші мен көрсетілетін қызметті алушының тікелей байланысы болмайды.

Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектті енгізу басталды, экология саласында газ талдағыштарды орнату жалғасуда, құрылыста ғимараттарды жобалау кезінде BIM-технологиялары қолданылады.

Үш жыл ішінде облыстың 55 ауылдық елді мекені жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілді. 85 АЕМ-де 3G және 4G интернетке мобильді кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс аяқталуда. Барлық жұмыс аяқталған соң, интернет-байланыспен қамту АЕМ-нің шамамен 94%-ын құрайды.

«Қауіпсіз қала» жобасы іске асырыла бастады. Оның аясында үш мыңнан астам бейнекамера Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Саран қалаларының және Осакаровка кентінің қоғамдық орындарында аулаішілік аумақтарына орнатылады. Жоба аясында 250 аппараттық-бағдарламалық кешен, оның ішінде 80 жылдамдық өлшегіш іске қосылады.

2021 жылы алға қойылған міндеттер:
– «Қауіпсіз қала» жобасын іске асыру;
– Senim 109 бірыңғай қызметінің жұмысын жетілдіруді жалғастыру;
– Облыстың білім беру ұйымдарын 100% «бұлтты» бухгалтерияға көшіру.