Қарағандының Орталық саябағы маңында ақылды жаяу жүргіншілер өткелі пайда болды

Қарағандының Орталық саябағы маңында ақылды жаяу жүргіншілер өткелі пайда болды

Қарағандыда жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа жүйе енгізілді. Орталық саябақтың Жауынгер-Интернационалистер көшесі жағындағы кіреберісінде ақылды жаяу жүргіншілер өткелі жұмысын бастады. Бұл кешен қызыл жарыққа өту деректерін тіркеп қана қоймай, Face ID технологиясы арқылы ішкі істер органдарының есебінде тұрған азаматтардың жүзін де анықтай алады.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушылық анықталған сәтте ақпарат бірден жақын маңда орналасқан полиция бекетіне жіберіледі. Осыдан кейін полиция қызметкері әкімшілік материалды жедел түрде рәсімдей алады.

Қазіргі уақытта кешен пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.

Полиция департаментінде еске салғандай, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабына сәйкес, жолды бағдаршамның тыйым салатын сигналына өтіп кеткені үшін 8 650 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Егер мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 43 250 теңгеге дейін өседі.

Полиция қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жолды тек арнайы белгіленген орындардан және бағдаршамның рұқсат беретін сигналы жанғанда ғана кесіп өтуге шақырады. Бұл жаяу жүргіншілердің де, жол қозғалысының өзге қатысушыларының да өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі.