
Қарағанды облысы әкімінің аппараты басқармаларының қызметкерлеріне кибергигиена және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне арналған оқыту семинары ұйымдастырылды. Киберқауіптердің қарқынды өсуі жағдайында цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттік органдар қызметінің басым бағыттарының біріне айналып отыр.

Семинар ақпараттық жүйелердің қорғалу деңгейін арттыруға, киберинциденттердің алдын алуға және цифрлық ортада жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Шақырылған сарапшы ретінде Kaspersky зертханасының өкілі Давид Салдаев сөз сөйледі. Ол 2026 жылғы негізгі трендтер мен өзекті киберқауіптерге шолу жасап, заманауи кибершабуыл тәсілдері мен оқиғалар статистикасына кеңінен тоқталды. Баяндама барысында халықаралық тәжірибеден нақты мысалдар келтірілді.
Семинардың жеке бөлімі жасанды интеллектінің киберқауіптердің түрленуіне тиетін ықпалына арналды. Генеративті ЖИ технологияларының фишингтік шабуылдарды ауқымдау және зиянды бағдарламалық қамтамасыз етуді жасау үшін қылмыскерлер тарапынан жиі қолданылып жатқаны атап өтілді.

Сарапшы былайша айтқанда «бопсалау дәуірінің» күшейгенін ерекше атап өтті: бүгінде оқиғалардың 51 пайыздан астамы деректерді ұрлау және оларды жариялаймыз деп қорқытып, бопсалаумен байланысты. Осыған орай алдын ала қорғау шаралары мен қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру айрықша маңызға ие.
Семинар барысында кибергигиенаның ненізгі қағидаттарына — электрондық пошта және тіркемелермен қауіпсіз жұмыс істеу, қызметтік хат-хабарды қорғау, күрделі құпиясөздер мен екі факторлы аутентификацияны пайдалану, сондай-ақ мобильді құрылғылар мен сыртқы ақпарат тасымалдағыштарды бақылау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ақпараттық қауіпсіздік жүйесіндегі негізгі осал тұстардың бірі ретінде адам факторы әлі де өзекті болып отырғаны айтылды. Қызметкерлерді жүйелі түрде оқыту фишингтік шабуылдардың, деректердің таралуының және өзге де киберинциденттердің тәуекелдерін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.
Қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру өңірдің ІТ-инфрақұрылымының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және азаматтардың деректерін қорғауға ықпал етеді.