Қарағандыда «ақылды» өткелдер жол-көлік оқиғаларының алдын алуда

Қарағандыда «ақылды» өткелдер жол-көлік оқиғаларының алдын алуда

Қарағанды мен Теміртауда бейнеаналитикаға негізделген «ақылды» жаяу жүргіншілер өткелдері іске қосылғалы жаяу жүргіншілердің қатысуымен бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеген. Бұл туралы Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий мәлімдеді.

Бүгінде «Аргус Пешеход» аппараттық-бағдарламалық кешендері 22 жаяу жүргіншілер өткелінде орнатылған. Жасанды интеллект элементтері бар жүйе бейнеағынды үздіксіз талдап, автокөлік пен жаяу жүргіншінің қозғалыс траекториялары түйісетін қауіпті сәттерді анықтайды. Анықталған құқық бұзушылықтар автоматты түрде тіркеліп, материалдар полиция органдарына жолданады.

Өңірде интеллектуалды бейнебақылау инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. Қазіргі таңда жылдамдық өлшейтін құрылғылар мен «ақылды» қиылыстарды қоса алғанда, 4 мыңға жуық камера орнатылған. Облыс билігі «ақылды» өткелдер жобасын көше-жол желісінің өзге де қауіпті учаскелеріне таратуды қарастыруда.

Константин Ильницкий қаланың қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыруға бағытталған өзге де цифрлық бастамаларға тоқталды.

Көлік ағынын реттеуде «ақылды» бағдаршамдар тиімді құралға айналды. Бүгінде 206 нысан бірыңғай басқару орталығына қосылған. Ал 10 қиылыста бейімделмелі бағдаршамдар жұмыс істейді: олар көлік тығыздығын өздігінен есептеп, жүктемеге қарай сигнал фазаларын автоматты түрде өзгертеді.

Келесі маңызды қадам – жүйені «Яндекс Карталарымен» біріктіру. Соның нәтижесінде жүргізушілер қозғалыс бағыты бойынша бағдаршамдардың жұмыс режимін навигатор арқылы нақты уақыт режимінде көре алады. Бұл кенет тежелулерді азайтып, жолдағы қозғалысты анағұрлым болжамды әрі қауіпсіз етеді.

Жолдардың жай-күйін бақылауда Jol-scan жобасы енгізілуде. Нейрожелі алдыңғы камералардан алынған бейнені талдап, жол жамылғысындағы ақауларды картаға белгілейді. Өткен жылы жедел жәрдем көліктерінде жүргізілген сынақтар барысында шамамен 2 мың шақырым жол зерделеніп, 200-ге жуық шұңқыр анықталған. Қазіргі уақытта жүйе қысқы жағдайларға бейімделіп жетілдірілуде, ал кешендер қалалық автобустарға орнатыла бастады.

– Қатар жүргізіліп жатқан тағы бір сынақ жүйесі тек шұңқырларды ғана емес, 15 түрлі жол-көлік апатын тануға қабілетті. Қазір оның мүмкіндіктерін зерттеп, өз моделімізді осы деңгейде жұмыс істеуге үйретуді жоспарлап отырмыз. Мұндай тәсіл қаланың негізгі көшелерінің жағдайын жедел бақылауға жол ашады, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар бейнекамералар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін біріктіретін «ақылды» автотұрақтар жобасы іске қосылды. Жүйе қажетті локациядағы бос тұрақ орындарын нақты уақыт режимінде көрсетеді. Жоба сынақтан сәтті өтіп, оң нәтижесін көрсетті. Қазірдің өзінде 350 камера автотұрақ аймақтарына бағытталған. Алдағы кезеңде сауда орталықтарын, ХҚКО-ларды және тұрғын үй кешендерін жүйеге қосу көзделіп отыр. Константин Ильницкийдің айтуынша, бұл тәжірибеге Алматы қаласы да қызығушылық танытып отыр.