Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 26 тамыздағы № 11 «2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымда тұмау, жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және COVID-19 коронавирус инфекциясы бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» қаулысына сәйкес медициналық ұйымдарда респираторлық инфекциялардың таралуының алдын алуға, сырқаттанушылықты төмендетуге және асқынулардың алдын алуға бағытталған профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүргізілуде.
Тұмау, жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және COVID-19 коронавирус инфекциясының эпидемиялық маусымы қарсаңында облыстың медициналық ұйымдарында инфекциялардың таралуының алдын алуға және респираторлық инфекциялар белгілері бар тұрғындардың медициналық көмекке жүгінуінің ықтимал артуына денсаулық сақтау ұйымдарының дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық, профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүргізілуде.
Қабылдау бөлімшелерінің, сүзгі кабинеттерінің және инфекциялық ауру белгілері бар пациенттерді қабылдауға арналған кабинеттердің дайындығы бағалануда, дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың, жеке қорғаныш құралдарының және дезинфекциялық құралдардың қажетті қоры қамтамасыз етілуде.
Санитариялық-эпидемияға қарсы режимнің сақталуына, респираторлық инфекция белгілері бар пациенттер ағындарын ажыратуға, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен пациенттердің инфекциялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Медициналық ұйымдарда эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізіліп, сырқаттанушылық деңгейі мен халықтың медициналық көмекке жүгіну көрсеткіштері талдануда, сондай-ақ пациенттер санының ықтимал артуына дер кезінде ден қою үшін ұйымдастырушылық шаралар қабылдануда.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері бекіткен санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар кешеніне сәйкес, 15 қыркүйектен бастап елде тұмауға қарсы вакцинация басталады.
Бірінші кезекте вакцинациямен қауіп тобына жататын азаматтар қамтылады, оның ішінде:
- медицина қызметкерлері;
- созылмалы аурулары бойынша диспансерлік есепте тұрған тұлғалар;
- балалар;
- мектеп оқушылары;
- жүкті әйелдер;
- егде жастағы адамдар;
- жабық үлгідегі мекемелерде және әлеуметтік қорғау жүйесінің ұйымдарында тұратын тұлғалар.
Бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында сүзгі кабинеттері және шұғыл медициналық көмек кабинеттері жұмыс істейді, онда ЖРВИ белгілері бар пациенттер дәрігерлік қарап-тексеруден өтіп, қажетті медициналық көмек ала алады. Сонымен қатар, пациенттерге үй жағдайында медициналық көмек көрсететін мобильді бригадалар жұмыс істейді. ЖРВИ, тұмау белгілері және ықтимал асқынулары бар жүкті әйелдерге және бір жасқа дейінгі балаларға ерекше назар аударылады.
Стационарлар да ауруханаға жатқызылатын пациенттер санының ықтимал артуына дайындалуда. Қосымша инфекциялық төсектерді кезең-кезеңімен ашу жоспарлары қарастырылған, дәрілік заттардың қажетті қоры қамтамасыз етіліп, төсек қорының жүктемесіне тұрақты мониторинг жүргізілуде. Инфекциялық және реанимациялық төсектердің жүктемесі белгіленген деңгейге жеткен жағдайда қосымша төсек қорын ашу көзделген.
Дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақтың ауыруы, мұрыннан су ағу, жалпы әлсіздік сияқты алғашқы белгілер пайда болған кезде өз бетінше ем қабылдамау қажет. Медициналық көмек алу үшін емханаға уақытылы жүгіну ұсынылады.