Бұқар Жырау ауданының жаңа әкімі тағайындалды

Бұқар Жырау ауданының жаңа әкімі тағайындалды

Қарағанды облысында кадрлық ауыс-түйістер жалғасуда. ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Бұқар Жырау ауданының әкімі болып Нүркен Сайфиддинұлы Кобжанов тағайындалды. Бұған дейін ол Осакаров ауданын басқарған болатын.

Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, әкім лауазымына кандидатура ұсынды. 

Депутаттар оны бірауыздан қолдады.

Бұқар Жырау ауданының бұрынғы әкімі Сержан Аймақов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.

Жеңіс Қасымбек жаңа әкімге басым тәртіппен шешілуі қажет міндеттерді қойды.

– Жылыту маусымына аз уақыт қалды, оның сапалы өтуін қамтамасыз ету маңызды. Жылумен жабдықтау мәселесін ерекше бақылауда ұстаңыз. Өткен жылы басталған Қушоқы кентіндегі су құбыры құрылысы жобасына назар аудару қажет, – деді облыс әкімі. – Тағы бір өзекті сұрақ – жайылымдық және шабындық жерлердің жетіспеушілігі. Аудан тұрғындары бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Заңнамаға сәйкес пайдаланылмайтын жер учаскелерін қайтару жұмыстарын жүргізу қажет.

Нүркен Кобжанов мемлекеттік қызметте шамамен 15 жыл жұмыс атқарып келеді. Бұрын ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен.

2007 жылдан 2013 жылға дейін Осакаров ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. Кейін Бұқар Жырау ауданының әкімі болды. 2017 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін Осакаров ауданының әкімі қызметін атқарды.