Түлектер тартуы: Ақбелде жаңа арка бой көтерді

Түлектер тартуы: Ақбелде жаңа арка бой көтерді

Ақбел ауылында тағылымы мол рухани-мәдени және спорттық мереке ұйымдастырылды. Қ.И.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің 2001 жылғы түлектерінің 25 жылдық кездесуіне орай ауылға кіреберісте жаңа арканың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Игі бастама туған жерге деген құрмет пен азаматтық жанашырлықтың, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісіне айналды.

Мерекелік іс-шара аясында 20 және 15 жылдық түлектердің ұйымдастыруымен «Ұлттық ойындар марафоны» өткізіліп, ауыл тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бағдарламада көкпар, арқан тарту, қой көтеру, тай жарыс секілді ұлттық спорт түрлері қамтылып, қатысушылар арасында тартысты әрі қызықты бәсекелер өрбіді.

«Туған жерге қызмет ету – әр азаматтың парызы. Бүгінгі игі ісіміз арқылы өскен өлкемізге деген құрметімізді білдіріп, кейінгі буынға үлгі қалдыруды мақсат еттік. Ауылымыздың көркеюіне үлес қосу – біз үшін үлкен мәртебе», – деді мектеп түлектері.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды іс-шара ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін нығайтып, жас буынға өнеге боларлық мазмұнды кездесуге ұласты.

Осындай игі бастамалардың жүзеге асуына қолдау білдіріп, ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқан азаматтарға ауыл тұрғындары шынайы ризашылықтарын білдірді.