
Көкпекті ауылының Новостройка көшесінде Tele2 ұялы байланыс мұнарасы орнатылды. Жоба Tele2 компаниясы мен GPO BMK Integration компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды.
Аталған бастама ауыл тұрғындары үшін байланыс сапасын жақсартып, интернет желісінің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Жаңа мұнара әсіресе мобильді байланыс пен интернет жылдамдығына қатысты мәселелерді азайтып, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге ықпал етпек. Жобаны жүзеге асыру барысында ұйымдастыру жұмыстарына белсенді қолдау көрсеткен азаматтарға ауыл халқы ризашылықтарын білдірді.
Көкпекті ауылының тұрғыны Ардақ Елибаев бұл бастаманың ауыл халқы үшін маңызды екенін атап өтті.
– Көкпекті ауылына Tele2 байланыс мұнарасының орнатылуына атсалысқан барша азаматтарға ауыл тұрғындары атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл – ауылымыз үшін үлкен қуаныш әрі маңызды қадам. Енді байланыс сапасы жақсарып, интернет желісі тұрақты жұмыс істейді деп сенеміз. Мұның бәрі тұрғындардың күнделікті өміріне үлкен қолайлылық әкеледі, – деді ауыл тұрғыны.
Ауылдағы инфрақұрылымды дамыту бағытындағы мұндай жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттырып, шалғай елді мекендерді заманауи байланыс желісімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.