
Құрама ауылында ауыл шаруашылығы жануарларын уақытша ұстауға арналған арнайы мал қамау орны мен ветеринариялық жұмыстар жүргізуге қажетті раскол орнатылып, пайдалануға берілді.
Жаңа нысан Қазақстан Республикасының ветеринариялық-санитариялық талаптарына сәйкес салынған. Оның негізгі мақсаты – ауыл аумағында қараусыз жүрген ірі және ұсақ малдарды уақытша оқшаулау, есепке алу, ветеринариялық тексеруден өткізу және профилактикалық шараларды жүргізу.
Жоба аясында мал ұстауға арналған арнайы қоршалған алаң дайындалып, малды бекітіп қарауға арналған раскол орнатылды. Сонымен қатар, қақпа мен кіріп-шығу аймағы жасақталып, аумақ толық қоршалып, қауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілді. Нысанда санитариялық тазалықты сақтау шаралары да толық қарастырылған.
Аталған нысан ауыл ішіндегі тәртіпті сақтауға, қараусыз жүрген мал мәселесін реттеуге және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, мал иелерінің жауапкершілігін арттыруға оң әсерін тигізбек.
Бүгінде ветеринариялық мамандардың қажетті жұмыстарды сапалы жүргізуіне барлық жағдай жасалған.