
Бұқар жырау ауданының Новоузенка ауылында әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға жаңа пәтер кілттерін табыстау рәсімі өтті. Қуанышты іс-шара барысында 12 отбасы баспаналы болып, жаңа қоныстың иесі атанды. Пәтерлер көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты аналарға және мемлекет қолдауына мұқтаж өзге де тұрғындарға берілді.
Жаңа баспанаға қол жеткізу – әр отбасы үшін үлкен қуаныш пен маңызды белес. Бұл тек жаңа пәтер ғана емес, тұрақтылық пен болашаққа деген сенімнің бастауы. Қоныс иелері қуаныштарын жасыра алмай, көрсетілген қолдау үшін ризашылықтарын білдірді. Салтанатты шара барысында тұрғындарға ақжарма тілектер айтылып, жаңа шаңырақтарының берекелі де бақытты мекенге айналуына ізгі ниеттер жеткізілді.
Новоузенка ауылының тұрғыны, жаңа пәтер иесі Нұргүл Мустафина бұл күннің көптеген отбасы үшін көптен күткен қуаныш екенін атап өтті.
– Бүгін біз үшін ерекше күн. Көп жылдан бері армандаған баспанамызға қол жеткізіп отырмыз. Осындай қуаныш сыйлаған азаматтарға, мердігерлер мен құрылысшыларға шынайы алғысымды білдіремін. Жаңа үйлер әр отбасыға құт-береке мен бақыт әкелсін, – деді ауыл тұрғыны.
Бұқар жырау ауданында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.