Жаңа кадрлық тағайындау

Жаңа кадрлық тағайындау

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығына сәйкес Бұқар жырау ауданының прокуроры лауазымына Алмат Қуатұлы Наханов тағайындалды.

Осыған орай аудан әкімдігінде актив отырысы өтті. Жиынға аудандық соттың судьясы Мақсат Досжанов, аудандық мәслихат төрағасы Асхат Әли, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Жаңа прокурорды актив отырысында Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Ерлан Төре таныстырды.

Алмат Қуатұлы жиында сөйлеген сөзінде:
- Прокуратура органдарының негізгі міндеті – заңдылықты қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау. Барлық күш-жігер тиімді жұмысқа және мемлекеттік органдар мен халықпен тығыз өзара іс-қимылға бағытталатын болады, – деп атап өтті.

Алмат Қуатұлы прокуратура органдарындағы еңбек жолын 2016 жылы Балқаш қаласы прокуратурасында бастаған.

2017–2023 жылдары Теміртау қаласы, Қарағанды және Ұлытау облыстары прокуратураларында түрлі жауапты қызметтер атқарған. 2023 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қылмыстық қудалау қызметіне тағайындалды.

2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінде Бас Прокурордың көмекшісі қызметін атқарған.

Сондай-ақ аудан прокурорының орынбасары лауазымына Бектас Абайұлы Омарбеков бекітілді.

Жиын барысында қатысушылар Алмат Наханов пен Бектас Омарбековке алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Бұқар жырау ауданының прокуроры қызметін атқарған Асқар Қайратұлы Үйсімбаев Приозерск қаласының прокуроры лауазымына тағайындалды.