Ботақара кентінде пәтер кілттері табысталды

Ботақара кентінде пәтер кілттері табысталды

Наурыз мейрамы қарсаңында Бұқар жырау ауданының тұрғындары қуанышқа кенелді. Аудан әкімі Ерлан Құсайын 10 отбасыға жаңа пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстап, қоныс иелерін құттықтады.

Жаңа тұрғын үй ерекше балаларды тәрбиелеп отырған, көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға берілді. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Көптен күткен баспанаға қол жеткізген отбасылар алғыстарын білдіріп, бұл күннің олар үшін айрықша маңызды екенін атап өтті.

– «Бүгін біздің отбасымыз үшін ерекше күн. Көптен күткен баспанамызға қол жеткізіп отырмыз. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін шын жүректен алғыс айтамын. Балаларымның болашағы үшін бұл үлкен мүмкіндік», – деді Аманай Айтжанов.

Мерекелік іс-шара барысында Отбасы банк тарапынан әр жанұяға сый-сияпат табысталып, қоныс тойдың көркі қыза түсті. Қазақы дәстүрге сай шашу шашылып, қуанышқа жиналған жұртшылық ерекше көңіл-күйге бөленді.