Ботақара кентінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде, ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Көктемнің жаңаруымен үндескен бұл күнде орталық алаң думанға бөленіп, ұлттық рух пен шаттықтың ордасына айналды.
Мәдениет үйінің аумағында тігілген ақшаңқан киіз үйлердің ішінде халқымыздың бай салт-дәстүрі мен мәдени құндылықтары кеңінен дәріптеліп, келушілерге тағылымы мол көрмелер ұсынылды.
Мерекелік іс-шара ұлттық нақыштағы әсем ән мен күмбірлеген күйге ұласып, ерекше әсермен басталды. Қазақы киім киген өнерпаздар әуелете ән шырқап, домбыраның қоңыр үнімен жүректерді тербеп, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Би ұжымдары мың бұрала билеп, сахна сәнін кіргізіп, мерекенің көркін аша түсті.
Аудан әкімі Ерлан Құсайын жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап, бұл күннің татулық пен бірліктің, жаңару мен жақсылықтың нышаны екенін ерекше атап өтті. Өз сөзінде ол Наурыз – өткенге тағзым, бүгінге береке, болашаққа сенім сыйлайтын ұлы мереке екенін жеткізді.
— «Ұлыстың ұлы күні – ұрпақ сабақтастығын жалғайтын, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тағылымды мереке. Бұл күн әр шаңыраққа береке мен ырыс әкелсін», – деді аудан әкімі.
Думанды кештің аясында ұлттық спорт түрлерінен тартысты жарыстар ұйымдастырылды. Асық ату, қол және қазақ күресі, қой көтеру, арқан тартыс, гір көтеру сияқты сайыстарда қатысушылар өзара бақ сынап, ептілік пен күш-жігерлерін көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Сонымен қатар, алаңда алтыбақан құрылып, жастар ән айтып, көңіл көтерсе, үлкендер ақ батасын беріп, ізгі тілектерін арнады.
Береке мен бірліктің бастауы болған Наурыз мейрамы Ботақара кентінде осылайша жоғары деңгейде өтіп, тұрғындарға ұмытылмас әсер сыйлады.